Дарынды оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту

Омарова Сағыныш Каригуловна

Қарағанды қаласы «№ 22 мектеп-интернаты» КММ тәрбиеші

 

                Елімізде оқытудың тәжірибелерін дамытуға бағытталған деңгейлеп оқыту бағдарламалары көп өзгерістер әкелді. Ол ең біріншіден, білімді игеру үдерісіндегі мұғалімнің қызметімен байланысты өзгерістер. Педагогика ғылымында баланы тәрбиелеудің мақсаты: жан-жақты дамыған жеке тұлға қалыптастыру болса, заман талабына сай оқытудың  негізгі мақсаты-өздігінен дамуға ұмтылатын жеке тұлғаны қалыптастыру.

 

         М. Горький «Мұғалім-әрбір баланы алғаш ашатын кілт» дегендей, мұғалімнің білімдарлығы, саналылығы, абыройы, беделі оқытып отырған шәкіртінен көрінері сөзсіз. Сондықтан қазіргі таңда әр мұғалімнің басты міндеті – мемлекетіміздің өскелең ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, білімді әрі интеллектуалдық деңгейі биік, яғни ойлау қабілеті жоғары, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеу. Ал бұл  нәтижеге білім мен біліктілігін үнемі тереңдетіп отыратын маман ғана қол жеткізе алатыны  анық.

         Тумысынан қабілеті жоқ бала болмайды.  Баланың өзгеше қасиеттері ана құрсағында пайда болады. Анатомиялық нышан-баланың ата-анасына ұқсап тууы болса, физиологиялық нышан-жүйке жүйесінің кейбір анализаторларының ерекшеленуі–бұл қабілеттің көрінуіне себептігін тигізеді. Егер адамның тумысында нышан болып, ол тәрбиеленбесе оның қабілеті дамымай қалады. Сол нышанның ықпалымен қалыптасқан қабілеттің түрі-дарындылық. Дарындылық–бұл адамның басқа адамдарға қарағанда бір немесе бірнеше қызметтегі жоғары нәтиже мүмкіндіктерімен анықталатын психикалық сапа, біріккен қабілеттіліктің көрсеткіші. Дарындылықтың 100–ге жуық анықтамасы бар. Көп жағдайда ол баланың ертерек даму кезеңінде байқалып, оның пәндер бойынша үлгерімі мен ой-өрісінің дамығандығымен, яғни парасаттылығымен көрініп жатады.

         Көптеген ғалымдар дарындылықты  генетикалық нәрсе деп қарастырып, оны белгілі  бір даму сатысының соңғы нәтижесі деп түсіндіреді. Кезінде Платонның өзі ақындықты «өнер мен білімнің арқасында емес, құдайдың анықтауы мен кернеген сезімнен» туындайды деген болатын. Ал, Сократ өзінің ерекше қасиетін түсіндіргенде «маған көмекке әрдайым мейірімді перім–гений келеді»  деген екен. Ерте жастан бастап балалардың қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін (түрі, деңгейі және т.б.) анықтау мен айқындау дарынды балаларды оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы басты міндет  болып табылады.    Ал, дарынды балаларды анықтау–баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Тек сынақтан өткізу әдісі арқылы дарындылықты  анықтау мүмкін емес. Сондықтан дарынды балаларды тәрбиелеу  мен оқыту барысында біртіндеп және сатылап анықтау қажет.

                Дарынды балаларды анықтау–арнайы бағдарлама мен білікті мамандардың қатысуын қажет ететін өте күрделі мәселе және дарынды балалармен  жұмыс істеудегі қажетті кезең болып табылады. Балалар бойындағы дарындылықты анықтау–ұлттық маңызды мүдделердің бірі. Дәл қазіргі уақытта баланы дарынды және дарыны жоқ бала деп бөле отырып, біз баланың келешек өміріне жасанды түрде қол сұғып отырмыз. Өйткені, баланың бойындағы қайталанбас ерекшелігі өсе келе баланың шын мәнінде талантты болатынына кепілдік бола алмайды.

         Түрлі психологиялық кедергілерге байланысты жасырын дарыны бар балалар өз қабілеттерін ашық көрсете алмайды. Бірақ  әртүрлі ойындар, байқаулар, жетістікке жететініне сендіру және т.б. ынталандыру шараларынан кейін  мұндай балалар өз қабілеттерін белгілі бір оқу пәні, тәжірибе жұмыстарында, спорт  және т.б салаларда жайлап көрсете бастайды. Психофизиологиялық, арнайы сипаттағы себептерге байланысты көп жағдайда  кейбір балаларда дарындылық кеш байқалуы да мүмкін. Демек, орта деңгейлі дарынды оқушылардың түрлі сипатта болуына байланысты, бұл балаларда жасырын мүмкіндіктер де көп болуы мүмкін.

         Осыған орай қайсыбір мұғалім не тәрбиешісі болмасын, әрбір оқушының көңіл күйін жүрегімен сезе біліп, білімдерін жан-жақты бағалап, пәнге деген қызығушылығын оятып, дұрыс бағыт–бағдар беруі шарт. Сол себепті де мұғалімнің біліміне мына талаптар қойылады:

- өзінің сабақ беретін пәнін мемлекеттік стандарт деңгейінен жоғары деңгейде білу;

- «дарындылық» және «қабілет» ұғымдарының мән-мағынасын тереңінен түсініп ұғыну;

- өз пәні бойынша оқытудың жаңа технологияларын меңгеру;

- дарынды оқушыны оқыту, тәрбиелеу үрдісіне, үлгеріміне  ғана көңіл бөлмей, оның басқа да қырларына көңіл бөлу;

-дарынды оқушының ерекшелігін ескере отырып, оларға шығармашылықпен жұмыс жасайтын тапсырмалар дайындай білу.

         Сонымен қатар мұғалімдер дарынды балалармен жұмыс жасауда мектеп психологімен тығыз байланыста болуы қажет. Өйткені белгілі бір салада өте ерекше дараланатын дарынды балалардың бірқатарында психикалық дамудың тепе-тең болмауы (диссинхрония) байқалады. Бұл оның тұлғалық қалыптасуына тікелей ықпал етеді және оның көптеген проблемаларының бастауы болып табылады.

         Мұндай балалар ақыл-ой немесе көркем-эстетикалық дамуда анағұрлым алда болады.  Ал эмоционалдық, әлеуметтік және дене сияқты өзге психикалық салалардағы даму оған ілесе алмайды да, психикалық теңсіздіктің айқын көрінуіне әкеп соғады.

         Көп жағдайда бұл  балалардың эмоционалдық дамуында проблемалар кездеседі. Олардың көбісі өте сезімтал болғандықтан, басқа балалар назар аудармайтын оқиғаларды жүрегімен қабылдап, осындай әрекеттер  үшін уайымға салынады. Сол сияқты сын пікірлерге ызаланып жылауы  немесе кейде іштей құсаланып, психосоматикалық ауруға ұшырауы да мүмкін.

         Кейбір интеллектуалдық қабілеті жоғары балалардың проблемасы–тек білімді игеруге бағыттылығы. Бұл көбінесе ақыл-ойы жылдам дамитын балаларда кездеседі. Кішкентай кездерінен бастап оларды жақсы оқығаны үшін мақтап үйретеді де, бұл олардың танымдық әрекетінің ынталандырушы қуатына айналады. Оның үстіне олардың мұндай жетістігінің шығармашылық сипаты болмайды және нағыз дарындылығы қалыптаспайды.

         Дарынды балаларды қоғамның ғылыми келешегі ретінде қарап тану үрдісі өте ертеде басталған. Ал ХХ ғасырдың басында  дарындылық, оны зерттеу әдістеріне арналған алғашқы ғылыми еңбектер пайда бола бастады.

«Дарындылық» термині «дарын сөзінен шыққан» дамудың ерекше қолайлы, ішкі алғышарттары дегенді білдіреді. Алайда әлі күнге дейін дарындылықтың тура анықтамасы жоқ екендігін атап кеткен де дұрыс. Әзірге құрдастарына қарағанда оқуға деген жоғары зеректігі  анық байқалатын ерекше шығармашылық қабілеті бар бала «дарынды бала» саналады.

          Бала бойында байқалған дарындылықтың белгілері уақыт өте келе жоғалып кетуі де мүмкін. Бұл жағдай дарынды балаға арналған практикалық жұмыстарды ұйымдастыруда үнемі ескерілуі тиіс. Сондықтан да практикалық жұмыстар кезінде «дарынды бала» ұғымының орнына «дарындылық белгілері байқалатын бала» ұғымын қолданған дұрыс.

 

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net