«ГРАФИКА ЖƏНЕ ЖОБАЛАУ» ПƏНІН ОҚЫТУ ЕРЕКШЕЛІГІ

Сыздыкова Асемгуль Ибрагимовна

 

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Қарағанды облысы бойынша

педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру

институтының аға оқытушысы

 

Қазіргі заманда əлемде ақпарат толассыз ағып жатыр. Ақпараттың ең көп тараған түрлерінің бірі визуалды ақпарат болып табылады. Əртүрлі сипаттағы визуалды графика ауқымды ақпаратты көз алдыңа көрнекі, түсінікті түрде елестетуге мүмкіндік береді. Бағдар алу жəне визуалдау құралдарын қолдана білуі үшін оқушылардың бойында графикалық мəдениет пен функционалдық графикалық сауаттылық қалыптастыру керек.

 

Графикалық мəдениет – бұл графикалық тəсілдер, құралдар, ақпаратты бейнелеу жəне оқу, оны сақтау, жіберу, түрлендіру жəне ғылымда, техникада жəне шығармашылық жұмыстың алуан түрлерінде пайдалану ережелері туралы білімдердің жиынтығы. Графикалық кескіндер байланыс пен ақпарат берудің маңызды құралы болып табылады. Cол себепті жобалық жəне зерттеу шаралары барысында визуалды ақпаратты өндеу жəне кескіндердің, яғни суреттердің синтезін жасау үшін компьютерлік графика құралдары қолданылады, бұл жобалау сапасын жақсартуға қосымша мүмкіндік береді.

Осыған байланысты, орта білімнің мазмұнын жаңартып, оқушылардың графикалық дайындығын шыңдау үшін жаңа оқу бағдарламасын əзірлеу, яғни «Графика жəне жобалау» пəнін енгізу қажеттігі пайда болды. «Графика жəне жобалау» пəні «Сызу» пəнінің орнын басып, 10-11 сыныптарға арналған оқу бағдарламасы болып табылады.

«Графика жəне жобалау» қазіргі жаңа талаптарға сай бірнеше оқу пəнінің функцияларын іске асыра алатын жаратылыстану-математикалық бағыттағы тереңдетілген деңгейде оқытылатын оқу пәндері қатарына енеді. Бұл пəн кез келген шығармашылық үдерісте маңызды орын алады, оқушылардың көрнекілік-бейнелік, кеңістік, логикалық, абстрактілі ойлау қабілеті мен эстетикалық талғамын тиімді жəне мақсатты түрде дамытады. Тұлғаның шығармашылық қасиеттерін дамытады, политехникалық жəне функционалдық графикалық сауаттылығын арттырады, жобалау-конструкторлық іс-əрекет негіздерімен таныса отырып болашақ кəсібін таңдауда бағыт-бағдар беретін пəннің бірі болып табылады.

«Графика жəне жобалау» пəнінің мақсаты, бұл оқушыларды кескіндеу теориясының негізімен, проекциялау əдістері жəне графикалық моделдеу заңдылықтарымен таныстыру, жобалық жəне шығармашылық əрекеттердің дамуына, графикалық мəдениет пен заманауи жəне дəстүрлі графика құралдарын қолдану дағдыларының қалыптасуына игі əсер ету.

Сол себепті пән бойынша оқу бағдарламалары оқушылардың бойында ХХІ ғасырдың жылдам өзгеріп жатқан зияткерлік жəне технологиялық ортасында өмір сүру үшін қажетті дағдыларды игеруіне бағытталған. Яғни оқушылардың көптеген сұрақтарды зерделеуге жəне сын тұрғысынан ойлау, бірлескен жұмыс, ақпаратты өңдеу, проблемалар мен мəселелерді шешу сияқты жоғары деңгейлі дағдыларды өздігінен үйренуіне көмектеседі. Графика жəне жобалау бойынша оқу бағдарламаларында да осы дағдыларды үйренумен қатар, проблема шешуге, бірлескен оқуға жəне зерттеу дағдыларына, сондай-ақ əлемді тану дағдыларына баса назар аударылады. Оқыту тəжірибеге бағдарланып, оқушылардың бұрыннан білетінімен қоса тағы жаңа не жасай алатындағына шоғырланады. Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша оқыту барысында оқушыларда оқу дағдыларымен қатар, ХХІ ғасырда көпмəдениетті қоғамда өмір сүру үшін қажетті қарым-қатынас жасау дағдылары қалыптасады.

«Графика жəне жобалау» пәні бойынша оқу бағдарламалары оқушыларға:

-  зерттеу дағдыларын меңгеруге мүмкіндік беруді;

-  ақпаратты сын тұрғысынан, диалог барысында талқылай отырып қабылдауға жетелеуді;

-  өзіндік рефлексия жəне өз бетінше ойлануға ынталандыруды;

-  қазіргі уақытта жəне болашақта оқушылардың алдынан шығуы мүмкін кейбір жаһандық мəселелерді түсінуге жəне зерттеуге ынталандыру арқылы дамытуды көздейді.

Сондай-ақ, жалпы орта білім деңгейінде «Графика жəне жобалау» пəні бойынша оқу мақсаттары сегіз бөлімге бөлінеді. Бұл бөлімдер меңгерілетін білік пен дағды, тақырып, білім мен түсінік деңгейіне қарай бөлімшелерге бөлінеді. Оқу мақсаттары осы бөлімшелер аясында топтастырылған. Оқу мақсаты əр бөлімше аясында оқушылардың қаншалықты алға ілгерілегенін көрсетеді, бұл мұғалімдерге жұмысын жоспарлап, оқушыларды бағалап жəне алдағы уақытта олардың қандай шара қабылдаулары қажеттігін анықтап, оны оқушыларға жеткізуге негіз болады.

«Графика жəне жобалау» пəнін оқыту ерекшеліктерін ескере отырып, оқушыларды проекциялау əдістері, графикалық моделдеу заңдылықтары жəне кескіндеу теориясының негізімен таныстыру, жобалық жəне шығармашылық іс-əрекеттердің дамуына, бұйымды жасау және жобалау кезеңдерін; көрнекі  ақпаратты қол және компьютерлік графика құралдары арқылы бейнелеу әдістері мен тәсілдерін білe маңызды болып табылады. Сол себепті «Графика жəне жобалау» пəнін ойдағыдай оқыту тікелей мұғалімнің кəсіби тəжірибесі мен құзыреттілігіне, оқу үдерісі нəтижелеріне басым көңіл бөлуіне байланысты.

 

 

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net