Ауыл – алаштың анасы

 Тлемисова Дина Амантаевна музыка пәні мұғалімі

жоғарғы санатты ұстаз,

Талап ауылы  №14  ЖОББМ  КММ

Қарағанды облысы Жезқазған қаласы

 

Қазақ елі Тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама ұлы істерге қол жеткізді.Еліміз өркендеп, ғылым мен техника дамыды. Өнеркәсіп саласында да ел игілігі үшін жасалып жатқан шаралар, іске асырылып отырған стратегиялық маңызды істер ұшан-теңіз.Осындай қарқынды дамуда қаладан шалғай орналасқан, десек те, заман көшінен қалмаймыз деп отырған елді мекендер  бар? Ондағы  елдің ахуалы  қандай?.Ауыл жастарының жағдайы қандай?!

 

Бүгінгі күні Қазақстанның әлеуметтік саясаттағы алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі – адами капиталдың сапалы өсуі, яғни  білім беру жүйесін жаңғырту, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, денсаулықтарына қамқор болу. Сонымен қатар оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажет делінген. Олар - патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, тәннің де жанның да дамуы және заңға мойынұсынушылық. Адамдарды жұмыспен қамтамасыз етіп,  денсаулықтарына ықпал ететін жаңа бастамалардың ығында ауыл тұрғындары , оның ішінде ауыл жастары қалып қойып жатады. Жұмыс істейтін жастар үшін, жұмыстан қол үзбей арнаулы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету  бүгінгі күндегі маңызды мәселенің бірі.Ал  ауыл жастары ауылда тұрып, оқу мен жұмысты қатар алып жүре алмайтыны айдан анық. Бүгінде көптеген жастарымыз жұмыс орындарының жоқтығынан  ауылдан қалаға қоныс аударуға мәжбүр. Сонда ауылды өркендетеді деп сенім артар жастарымыз қалмаса, ауылды кім көтермек?!

      ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында  «еліміздің даму векторларының бірі – адами капиталды инвестициялау» деп айтып өткен.  Әр адам өзінің идеяларын, жаңашыл бастамаларын  субсидия және түрлі жобалар мен  несиелер арқылы іске асыру мүмкіндігіне ие бола алады..Ендеше ауыл жастарын осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып кәсіпкерлікке баулу арқылы егіншілік, мал шаруашылығы, одан да басқа  түрлі кәсіп түрлері: шаштараз, тігін ательесі, монша, наубайхана, азық-түлік дүкендері, жылыжайлар, кішігірім тойханалар сияқты күнкөріс көздерін табуға даярлау, үйрету қажет. Ертеңгі ауылға керекті маман иелерін осы бастан даярлау, оларға  жағдай жасау, қолдау көрсету, баспанамен қамтамасыз ету, тұрақты жақсы жалақысы бар табыс көзі ауылды жерде де мүмкін екенін  ұғындыру керек  және бұл бастамаларды  барлық елді мекендерде  шұғыл түрде қолға алған абзал.

      «Алға қарайтын кез келді.Іске кірісер кез келді.Ерік –жігерімізді танытатын кез келді.» - деп Елбасымыз ауыл халқына үндеу тастады. «Ел боламын десең,- бесігіңді түзе»,- деп Мұхтар атамыз айтқан екен.Таланттар ауылда туып,қалада өледі» -деген сөз бар.Бұл біздің түп-тамырымыз ауылдың құрметіне айтылған сөз.Ауыл кешегі он жасқа дейін бір ауыз орысша білмей-ақ, он алты жасында әлемге әйгілене бастаған Шоқандарды туған.

       «Білім мен тәрбие егіз» - тәрбие болмаған жерде білім қонбайды.Ал тәрбие ең әуелі - отбасы сонан соң  мектептен бастау алады.Тәрбие ісі адамзаттың бүкіл даму тарихымен қатар жүріп келеді Мәдениеті қалыптаспаған дәуірдің өзінде де ұшы-қиырсыз жазира байтақ дала тұрғындары өздерінің  тарихында жас буынға тәлім-тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік ерекшеліктерімен бала тәрбиесіне өте үлкен ықпал жасай білген.  Бүгінгі күні келешегінен зор үміт күттіретін , бәсекеге қабілетті   білімді ұрпақ  тәрбиелегіміз келсе - ең әуелі сол  өскелең ұрпаққа жағдай жасайық, мүмкіндік берейік,сонан соң талап етіп, сұраныс қылайық.

      Ата-бабамыз  «Уақытты тиімді пайдалану – даналыққа бастайды» деген екен.

Бос уақытты тиімді пайдалана білу, қоғам мен отбасының рухани және экономикалық дамуының айқын көрсеткіші. Жоғарыда айтқандай  бәсекеге қабілетті ,білімді ұрпақ  тәрбиелегіміз келсе ,  ең әуелі салауатты өмір салтын ұстанған   дені сау ұрпақ тәрбиелеу қажет. Айта кету керек кейбір  ауылды жерлерде, мәдени орталықтар мен  спорт ошақтарының жоқтығы,  тұрғындардың,, оның ішінде жас буын жеткіншектеріміздің денсаулықтарына кері әсерін тигізуде.

 «Қолы бос баланың ойы азады»дегендей небірбұзақылықтар мен радикалды кері ағымдарға түсу, темекі шегу, сыра ішу т.б.проблемаларға акеліп соғатыны да жасырын емес. Бей-берекет мобильдік байланыс,  ғаламтор желісіне қосылып  компьютер алдында отыруға  әуестеніп алған жеткіншекте-ріміздің арасында  көз көру нашарлығы,бас ауыруы  мен жүйке және түрлі басқа да аурулардың  көбеюі салдарына әкеліп соғады..

 Сонымен қатар қалада түрлі мәдени ошақтар: театр, көрме-мұражайлар, мәдениет үйі, жастар сарайы, саябақтар одан басқа да диско-клубтар,спорттық кешендер т.б. көптеген жастарға арналған әр түрлі  орталықтар жұмыс жасайды.Яғни ауыл жастарына қарағанда қала жастарының мүмкіндіктері біршама. Бос уақытында өзінің таңдауы  бойынша ішкі жан дүниесі қалап тұрған істермен айналысуы, оның қызығушылығын  айқындап, түзу тәрбие алуына және келешекте қоғамдағы орнын табуына әсерін тигізбек. Олай болса бүгінгі  жастарымыздың қазіргі заман талабына сай сұраныстарын қамтамасыз ету үшін түрлі мәдени  орындарынының болуы  ауадай қажет. Белгілі бір мақсатпен жұмыс жасайтын ондай орталықтардың жастарға  берері көп.

 «Тәні саудың-жаны сау»-дегендей ең алдымен ауылдық  жерлерде спорттық  алаңдар, тренажерлар  орнату, спортты дамыту, сонымен   қатар халықтың  денешынықтырумен  және спортпен жаппай айналысуы үшін, спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімділігін кеңейту  керек. Өскелең ұрпағымыздың әр күнін , әр сағатын, пайдалы іспен шұғылдануына тәрбиелей отырып, уақытын тиімді өткізуіне  бағыттайық  

«Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырмас азап», - деген екен Абай атамыз. Сондықтан, екіншіден  баланы жастай еңбекке баулу,еңбекке тәрбиелеу,еңбекпен жігерлендіру, еңбектен күш-қуат алуға, еңбекпен жеткен жетістігіне қуана білуге, еңбекпен өмір сүруге үйрету қажет.

«Еңбек - күш береді, қуантады, бақытты етеді, шынықтырады. Еңбек етсең, ерінбесең барлық мақсат – мұраттарға жетесің» - деп жастайынан санасына құя отырып, оны  еңбекке араластыру, еңбекшіл етіп тәрбиелеу әрбіріміздің парызымыз. Осы орайда айта кету керек жас буынды тәрбиелеуде мектеп қабырғасында да таңертеңгі дене шынықтыру жаттығуларынан  бастап, сенбіліктердің уақытылы жүргізіліп тұруы және технология пәндерінің өз деңгейінде өтілуі , одан басқа да сыныпта тазалық апталықтарының дұрыс ұйымдастырылуы, ауылдағы қарт кісілерге, көмекке мұқтаж тұрғындарға  көмек көрсету т.б. көптеген іс-шаралардың тиянақты ,дұрыс өтілуінің көп пайдасы бар.

  Тәрбиенің аса маңызды құрамының бірі - өнер. Соның ішінде өте кең, сан ұғымды қамтитын - музыка өнері десек, бүгінгі күні мектептердегі  музыка пәні қысқарып аптасына бір сағат жүктемесімен қалып отырғаны қынжылтады. Музыка адамзаттың рухани азығы, әр адамзат баласының оның ішінде жастардың  жан серігі, тілмен айтқызып жеткізе алмайтын ұшқыр қиялы, нәзік сезімі. Музыка адамзат өмірінің   ажырамас бөлігі.Адамзатқа өте қажет өмірлік рухани қорек. Музыка өзінің көркемдігі және нәзіктілігімен адам жанын баурап, олардың ақыл-ой, сана-сезімін кеңейтіп, жақсы міңез-құлықтарының қалыптасуына әсерін тигізетінін ескерсек,  музыка өнерін жан-жақты дамытуды қолға алған жөн;  мәдени ошақ  жұмыстарын жандандыру: түрлі кештер ұйымдастыру; аспаптық , вокаллдық өнерді дамыту; Елді мекендердегі мектеп үйірмелерінің ауқымын көбейту,кеңейту; Ауылды жерлердегі қарт-қарияларымыздан ұмыт бола бастаған әндерді жинақтап , нота жазбаларын басып шығару, келешек ұрпаққа  дәріптеу; елді мекендерде жылжымалы музыкалық жәрмеңкелер ұйымдастырып отыру;  ауыл ішіндегі  өнерпаздар мен қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, туындыларын өскелең ұрпаққа дәріптеу;  жас ақындарға қолдау көрсету, жинақтарын шығару;  іргелес жатқан ауылдар арасындағы қарым-қатынас арқылы салт-дәстүр, туысқандық сияқты құндылықтарымызды дамыту қажет.

«Тән мен жан егіз» Тәні ауру,жаны азған жастарға келешектің кілтін  қалайша сеніп тапсыруға болады?! Ендеше   адасып, кері ағымда жүрген жастарымызды жан-жақты көмек бере отырып өз ортасына қайтарайық. Ауылда  доп теуіп, мал айдап, жер қазып, отын аралап, сиыр сауып, текемет басып жүрген қазақтың қара домалақ ұл-қыздарына жағдай жасап, қолдау көрсетейік.

Мәдениетіміз асқақтап, өнеріміз өрлеп, біліміміз тереңдеп, денсаулығымыз артып, спорт қоржынымыз алтын мен күміске толар ма еді? Міне, осындай деңгейге жеткізіп, көк туымызды көкке самғатып жатқан қазақстандықтардың басым көпшілігі, кезінде ауылдан шыққан. Атам қазақ «Елдің даңқын ері шығарады,ердің даңқын елі шығарады» деп бекер айтпаған.Сондықтан ауыл тарихымен мақтанып, ауыл өмірінің гүлденуіне жұмыла кіріскен жөн. Ақын Мұқағали ағамыз жырлағандай:

Ұят болды-ау

Сен де кеттің,

Мен де кеттім,

Ол да кетті ауылдан.

Осынымыз ұят болды-ау,

ұят болды-ау,қауымнан!

Ұят болды-ау,

Ұят болды-ау,

Ұят болды-ау, бауырлар!

Момын жұрттың, арқа сүйер,

Азаматы біз едік.

...Жеке-жеке бақыт іздеп,

Жеке өмір түзедік,

Жетер енді!..

Туған жердің топырағына тізе бүк! - демекші ауыл жағдайын, мәдениетін көтеру, өскелең ұрпақ санасына  «Отбасы»,«Атамекен»,ұлттық намыс,татулык сөздерінің мәнін терең түсіндіру , жас жеткіншектерді  өз Отанын сүюге,  ана тілін ардақтап, тарихын білуге , өз ауылының дамуына,өркендеп-өсуіне үлес қосатын  патриот етіп  тәрбиелеу , әрбір азаматтың басты  борышы,-деп түсінейік.

   Ауыл – Алаштың анасы.Ендеше бүгінгі  ауылдың тіршілігі – оның жан тынысы, ауыл адамының, оның ішінде ауыл жастарының жай-күйі, мұң-мұқтажы -  бізді үнемі алаңдататын мәселеміз болуы керек..

 

Әдебиеттер:

 ҚР  Президентінің  бағдарламасы  «Рухани жаңғыру» 

        Zakon.kz

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net