Материалы

Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ойын технологиясының маңызы

Адыканова З.Б

 «Шаттық» шағын орталығының тәрбиешісі

Байқадам ОМ

Бұқар жырау ауданы

 

Ұлт болашағы болатын ұрпағының қамын жөргекке орап, ақ бесігіне бөлегеннен бастап қолға алған аталарымыздың әрбір ісі өнеге. Бесік жырымен есін білген елдің қашанда көші түзу, өрісі кең болмақ. Осынау ұлан-ғайыр далаға иелік етіп, жер бетінің жұмағындай жерді мекендеуіміздің бастауы сан ғасырдан жалғасып, бүгінге жеткен ұрпақ тәрбиесінде жатыр.

 

«Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» деген қағиданы берік ұстанған ата-аналарымыз сәбиін қырқынан шығарып, жан-жаққа қарап, езу тарта бастағаннан бүлдіршінін ойын «әлемімен» таныстыра бастайды. Сипалап, уқалау, аяқ-қолын созу барысында «Өс-өс», «Қуырмаш», «Бесік жыры» өлеңдерін айта отырып әрі ойнатып, әрі тәрбие бере білген.Баланы табу – қиын, жақсылыққа бастау – одан да қиын деп білген қазақ халқы балаларды есейгенде Отанының, халқының азаматы етіп тәрбиелеуде алуан түрлі айла-тәсіл қолданған. Тіпті, алғаш аяғын еркін басып, тілі толық шығып, ойнай бастағанда, оларға «Санамақ», «Ханқыз» сияқты айтуға жеңіл, тапқырлық пен ақындыққа жетелейтін ойын түрлерін үйреткен.

Қазіргі таңда сол ұлттық ойын, өлең шумақтарымен былдырлап тілі шыққан бала балабақша табалдырығын аттағаннан кейін өмір тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері, тілінің дамуы осы ойын үстінде қалыптасады .Ойындар мазмұнына қарай өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті – рөлді, драматизациялық, дидактикалық құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан ұлтымыздың ой салатын ойлы ойындарының бірі – саусақ ойыны. Бұл ойын баланың төзімін шыңдап, байсалдыққа, ойын ережесін сақтау мәдениетіне тәрбиелеумен қатар, келешекте мектепке барар бүлдіршіннің саусақтарының бұлшық еттерін желтілдіруге септігі тиеді. Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Соның ішінде саусақ ойынына тоқталайық, саусақ ойыны – қол саусақтарының көмегімен қандай да болмасын ертегіні немесе өлең, тақпақ шумағын сахналауға, би қимылдары мен қимыл-әрекет ойындары арқылы да әсерлі нәзік қол қимылдарын көрсетуге болады. Саусақ ойыны арқылы баланың сөйлеуге деген қабілеті дамып, өмірге талпынысы, ынтасы артады және шығармашылық әрекетінде де жол ашады. Осы ойынды ойнай отырып, ата-аналар, тәрбиеші-педагогтар, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстар мен ағаштарды бейнелей алады. Техниканың төрт құбыласы тең дамыған қазіргі таңда, Интернет желісі желдей есіп тұрған заманда небір бейнені бейнелеуге болады.Мәселен, саусақтардың қозғалыс-қимылына қарап бала қуанады, шаттана шапалақтайды, шат-шадыман болады.

Қазақтың ұлттық бала тәрбиесінде де саусақ ойынының алар орны ерекше. Ойын – мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті. С.Торайғыров кезінде: «Балалықтың қанына ойын азық», - деп бекер айтпаған. Өйткені, ойын кезінде бүдіршіннің бейімділігі, қызығушылығы және заттардың айырмашылығын ажырата алатыны анық байқалады.

ХІХ ғасырдың басында, жарық көзі елімізге жаңадан ене бастаған тұста жылаған балаларын жұбату үшін ата-аналары шамның жарығына саусақ арқылы әр түрлі жан-жануарлар бейнесін көрсетіп ойын ойнаған және ертегі құрастырып әңгімелеп берген.Мысалы, «Саусақтар сәлемдесуі» ойынын алайық. Бұл ойында бас бармақ ұшы әр саусақтың ұшымен кезек-кезек түйіседі. «Қонақтар келді» оң қолдың саусақтары және сұқ саусағымен ортаңғы саусақтарын жүгірген тәрізді етіп қимылдатады. «Билеген кісі» екі саусағымен билеген бейнені жасауға болады. Тілі шығып, шүлдірлеп сөйлей бастаған сәбилерден байқалатын бір қасиет – ойын өлеңдерге назары ауып, тыңдауға әуестігі артады. Мысалы, «Бесік жыры», «Тілек-арнау», «Уату өлеңдері» нағыз осы кезеңге арналған ұлттың құндылығы. Бұл өлеңдерде, тақпақтарда ата-ананың ұрпағына деген жақсы тілегі, оның жүйкесін жайбарақаттандырып, көңілін көтеру, түйсігін ояту мақсаты көзделеді.

Қазақ халқының арасында кеңінен тараған «Қуырмаш» өлең-ойыны да саусақтардың нәзік қимылын жетілдіреді.Қазақ ауыз әдебиетіндегі, әсіресе, балалар фольклорын дамытушы негізгі бір сала – әрине, балалар ойыны. Ойын – балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылысын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділік пен тапқырлықтарын дамытады. Ойын – баланы әдептілікке баулитын да тәрбиелік құрал.

Халқымыздың «Баланы ойын өсіреді» деген даналық сөзі тегін айтылмаса керек. Бала ойнап жүріп ойланады, жүйкесі тынығады, көңілі өсіп ойы сергиді, денесі шымырланады. Ойын арқылы тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, ұлттық ерекшелік, дәстүр жайлы таным-түйсігі қалыптасады. Өздерінің құрбы-құрдастарымен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Ойындар сабақ мазмұнына сәйкес алынып, жеке және топтық жұмыстар жүргізуде алға қойған мақсатқа жеткізіп, нақты қортынды алуға көмектеседі. Сан алуан ұлттық ойындар баланың тәрбиесін дамытып, жас жеткіншектің бойына адамгершілік, сүйіспеншілік, кішіге көмек, үлкенге құрмет көрсете білуге, қиыншылықтан қорықпауға, мақсатқа жетуде күш-жігерін жұмсай білетін төзімділікке тәрбиелеуде ерекше мәні бар.

Заман өзгерген сайын адам баласының басынан өткендері баланың ойынында көрініс табатынына ешкім де шек келтірмес. Ең бастысы – ойын барысында баланы жан-жақты ойлануға, өзгелердің пікірімен санасуға, ортақ тіл табысып, тез арада шешім қабылдауға, ойынды шыншыл ойнауға, адал болуға, жалған сөйлемеуге, жанашарлыққа, кешірімді болуға баулу қажет..

Сонымен қатар ойындар баланың белсенділігін арттырып, тәртібіне де оң әсерін тигізеді, өзіне де баға бере алады. Әрбір ойын – балалардың адамгершілік жолындағы бір көтерілер баспалдағы секілді. Өсіп дамып келе жатқан балалардың бойында алуан түрлі қасиеттер байқалады. Осы қасиеттерді бала бойынан дер кезінде байқап, оған оң баға беру, дамып келе жатқан мінезін дұрыс жолға сала білу, ол – әр бір тәрбиешінің міндеті.

 

 

 

Калькулятор расчета пеноблоков смотрите на этом ресурсе
Все о каркасном доме можно найти здесь http://stroidom-shop.ru
Как снять комнату в коммунальной квартире смотрите тут comintour.net